Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қағидаттарын сот шешімін шығару барысында қолдану

2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, аталған Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Бұл Кодекспен реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар және жеке, заңды тұлғалар болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу ӘРПК-нің 2-тарауында баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Аталған тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды.

Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады.

Әкімшілік рәсімдерінің міндеттері мынылар: жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, яғни, адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету және жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту.

Кодексте 12 қағидат қаралған, атап айтқанда олар: —

7-бап.  Заңдылық қағидаты

8-бап.  Әділдік қағидаты

9-бап.  Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау

10-бап. Мөлшерлестік

11-бап. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері

12-бап. Құқықтар басымдығының қағидаты

13-бап. Сенім құқығын қорғау

14-бап. Формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу

15-бап. Анықтық презумпциясы

16-бап. Соттың белсенді рөлі

17-бап. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі

18-бап. Сот актілерінің міндеттілігі 

Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық сот жүргізуде белгілі бір ортақ қағидаттар негізінде — сот төрелегі жүргізіледі.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша қарастырылған келесі қағидаттарды атап өту қажет:

Мөлшерлестік қағидаты, яғни әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.

Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.

Құқықтардың басымдығы. Еліміздің әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

Сенім құқығын қорғау, яғни әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Республикасының заңдарында қорғалады.

Әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот еліміздің заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі.

Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді. Сенім құқығы заңсыз әрекеттер жасауға (әрекетсіздік танытуға) негіз бола алмайды.

Келесі қағидат — формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ елдің заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады.

Анықтық презумпциясы, әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі.

Материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің төлнұсқалығына (подлинность) күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам олардың төлнұсқалығын өзі дербес тексеруге міндетті.

Аталған Кодексте сенім құқығын қорғау қағидатына ерекше мән берілген.

Аталған қағидаттың мәніне келетін болсақ — Егер әкімшілік рәсімге қатысушы оның мүддесін қанағаттандыратын және көздеген мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретін қолайлы акт алса, қабылданған шешім түпкілікті болып табылады және болашақта өзгертуге жатпайды деп пайымдауға құқылы.

Қатысушы әкімшілік орган актіні шығару кезінде қатысушы мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін ескеріп, заңдарға сәйкес әрекет етті деп есептеуге құқылы.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда билік өкілеттіктері берілген белгілі бір орган қабылдаған шешімі бар тұлғаларда мұндай кепілдік жоқ. Өйткені бұрын қабылданған шешім бойынша ұстаным өзгеріп, сол орган шешімнің күшін жою мүмкіндігі бар.

Бұл ретте, ӘРПК осындай қағидатты бекіте отырып, процеске қатысушының әкімшілік органға сенім білдіру құқығын қорғауды қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жою туралы мәселені шешу кезінде осы қағидат ескеріледі.

Сонымен бірге, Кодексте жаңадан енгізілген қағидат бар, ол  — Соттың белсенді рөлі (ӘРПК-нің 16-бабы).

Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Соттың белсенді рөлі қағидаты бойынша — сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

Осы қағидатты жүзеге асыру барысында басты ерекшелік, бұл — судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу және дауды заң нормаларына сәйкес әділ, бейтарап және уақтылы шешу мақсатында, сот үшін осы қағидат — әкімшілік істі жан-жақты зерттеу үшін тараптардың өтініштері мен ұсыныстары негізінде және де өз бастамасымен қажетті дәлелдемелерді тиісті мемлекеттік органдардан, жеке немесе заңды тұлғалардан сұрау салып, алдыруға,  қажетті мәліметтерді жинақтауға үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, өздеріңізге белгілі, сотта қарастырылатын даулардың санын азайту, оларды шешудің балама түрлерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиациялық келісімдерге келу арқылы екі тараптаың арасында дауларды шешу мәселесі ерекше көңіл бөлінуде.

Әкімшілік іс жүргізу барысында сотта осы қағидатты қолдану арқылы, судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша іске қатысушы тараптарға өзінің алдын ала құқықтық пікірін түсіндіріп, екі тараптың арасындағы даудың оңтайлы түрде шешу мүмкіндігін қарастырады.

Келесі қағидат, ол — Сот актілерінің міндеттілігі (ӘРПК-нің 18-бабы)

Бірінші сатыдағы сот әкімшілік істер бойынша сот актілерін шешімдер және ұйғарымдар нысанында қабылдайды.

Апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар сот актілерін қаулылар және ұйғарымдар нысанында қабылдайды.

Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.

Сот актілерін, сол сияқты сот талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға және заңда көзделген жауаптылыққа алып келеді.

Сот актілерін сот түпкілікті дайын болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік процестің тараптарына жібереді.

 

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы                    А.Шарханов

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында жыл басынан бері 2600-ден астам тазалық жұмысы жүргізілді

Альфия Адамбек

Түркістан облысының 60-тан астам ауылы ішімдік сатудан бас тартты

berdaly_oraz

Түркістан: Арыста «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті

Redaktor Arysinfo