Сурет: Aqorda
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ареналарда ел намысын қолдан бермей, Қазақстанның мерейін асырып жүрген спортшылардың еңбегін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, спорттағы әрбір жетістік – тұтас елдің жетістігі, ал әр спортшының абыройы – барша қазақ халқының беделі.
– Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі. Жеңіске жету үшін талап пен табандылық керек. Сіздер шеберліктеріңізді шыңдап, аянбай еңбек еттіңіздер. Соның арқасында дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік алдыңыздар. Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. «Ел сенімі – ерге жүк» дейді халқымыз. Баптарыңыз бен бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен ораласыздар деп сенемін. Барша халқымыз сіздерге жанкүйер, тілекші болады. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға, сондай-ақ Қазақстан паралимпиадалық командасының өкілі Ербол Хамитовқа табыстады.
Айта кетейік, бұл кездесу ел спортшыларына көрсетілген жоғары сенім мен қолдаудың айқын көрінісі болып отыр.
