«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде дәрігерлік амбулотория, ал Монтайтас ауылдық округіне қарасты Атамекен елді мекенінде фельдшерлік-аккушерлік пункт пайдалануға берілді.
Нысандардың ашылу салтанатына Түркістан облысының денсаулық сақтау басқарма басшысы Асхан Мархабайұлы мен Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев және Арыс аудандық орталық ауруханасының басшысы Марат Асанбайұлы, медицина қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Әуелі Қожатоғай ауылдық округіндегі Дәрігерлік амбулотория салтанатты түрде ашалып, нысанның лентасы қиылды.
Жаңа ғимаратта учаскелік дәрігер бөлмесі, күндізгі емхана, физиотерапиялық ем қабылдау, дәрігерге дейінгі қабылдау, баланы дамыту, екпе бөлмелері мен тіркеу орны бар.
Онан соң Монтайтас ауылдық округінде орналасқан екінші медициналық нысан фельдшерлік-аккушерлік пункттің салтанатты ашылуы өтті.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев тұрғындардың қуанышын бөлісті. Жаңадан бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттер тұрғындарға аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қолданысқа берілген фельдшерлік-акушерлік бекетте қазіргі заманауи үлгіге сай әйелдерді қарап-тексеру бөлмесі, екпе бөлмесі, профилактикалық қарау бөлмесі, дұрыс тамақтану мектебі бөлмесі, дені сау бала бөлмесі, стерилизация бөлмесі, егу бөлмесі, тұрмыстық шаруашылық және дәріхана бөлмелері қарастырылған. Босану жасындағы әйелдер мен жүкті әйелдерді қарап-тексеру үшін барлық керекті медициналық құрал-жабдықтармен жасақталған. Бұл нысандар – жергілікті халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер және басқа да қажетті емдеу шараларын ала алады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі



