Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған жоба Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды жаңғырту және тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауидың тарихи және рухани мұрасы, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны, «Диуани хикметтің» тәрбиелік мәні, сондай-ақ Ясауи ілімінің қазіргі қоғам үшін маңызы жан-жақты талқыланды.
Қатысушылар Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында кеңінен насихаттау және ұлттық рухани құндылықтарды қоғам өмірінде дәріптеу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Айта кетейік, «Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала және аудандарында жалғасып, тұрғындарға арналған ғылыми-танымдық кездесулер мен рухани-ағартушылық іс-шараларды қамтитын болады.
