Дулат Исабековтің өмірден өтуіне байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айтты,деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Қазақстанның көрнекті жазушысы, драматургы, Еңбек Ері және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков дүниеден өтті. Жазушының қазасына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Президент Дулат Исабековтің қазақ әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оның есімі ұлт жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
«Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деді ол жеделхатта.
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің алтын қорында өшпес із қалдырған қаламгер. Оның шығармашылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оқырман жүрегінен орын табары сөзсіз.