Қырғызстанда блогерлер енді Креативті индустриялар паркінің резиденттері атанып, арнайы немесе жалпы салық режимін таңдауға мүмкіндік алады. Бұл туралы елдің мемлекеттік салық қызметінің басшысы Алмамбет Шыкмаматов мәлімдеді.
Оның айтуынша, арнайы салық режимін таңдаған блогерлер 2027 жылға дейін өз кірісінен небәрі 1% салық төлейді. Ал 2027 жылдан кейін бұл көрсеткіш 2%-ға дейін көтеріледі. Сонымен қатар, блогерлер салық агентінің 5% жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады. Жалпы салық режимін таңдағандар 15 жыл бойы әлеуметтік сақтандыру жарналарын төлеуден босатылады.
Алмамбет Шыкмаматов Қырғызстанда блогерлік саласының енді ғана дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, елде Ресей немесе Қазақстан сияқты үлкен нарық жоқ, сондықтан блогерлердің табысы да айтарлықтай төмен.
«Біз блогерлерге салық арқылы қысым көрсетпеуіміз керек. Себебі олар маңызды әлеуметтік қызмет атқарады. Олардың контенті әртүрлі болғанымен, негізінен ақпараттандыру және ағартушылық бағытта жұмыс істейді», – деді Шыкмаматов.
Бұл бастама Қырғызстандағы креативті индустрияны дамытуға және блогерлердің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал ететіні күтілуде.