Түркістан облысында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасы 2025 жылдың 15 тамыз — 5 қазан аралығында жалғасады. Қазіргі таңда қысқы жылыту маусымы дайындығының бірінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Қуатбекұлы брифингте баяндады.
Төтенше жағдайлар департаменті және қала, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде есепке алынған 34 197 әлеуметтік жағдайы төмен отбасының 26 563-і араланып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 20 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталған. Ең көп анықталатын қателіктер — көбінесе тұрғын үйдегі автономды газ қондырғылары мен жылыту қазандықтарының талапқа сай орнатылмауы, электр жабдықтарының ақаулығы, газосигнализатор құрылғысының орнатылмауы.
Іс-шара аясында аудан, қалаларда шұғыл және жұмысшы топтар құрылды деген спикер, жұмыс тобының құрамында әкімдіктердің, “Қазақ Газ Аймақ”, “Оңтүстік Жарық Транзит” мекемелерінің өкілдері бар деді.
2024-2025 жылдың жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлерде 199 өрт тіркелген. Салдарынан 3 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алды. Бұдан бөлек, улы газдан уланудың 2 жағдайы тіркелген. Салдарынан 3 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алған.
Сонымен қатар, брифингте облыс аумағында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылуына 30 жыл толуына орай «30 игі іс-шарасы» өткізілуде. Іс-шара аясында Департамент қызметкерлері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қысқы жылыту маусымына пеш ақаулықтарын түзету, мұржаларды тазарту, газосигнализатор құрылғысын орнату және ауладағы құрғақ шөптерден тазарту жұмыстарын жүргізуде»-деп баяндады сала маманы.
