Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқын алған. Өңірде бірқатар жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр және олардың сапасы қатаң бақылауда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы бірнеше спорт нысанын аралап, жұмыс барысын тексерді.
Алдымен М.Төлебаев көшесінде салынып жатқан спорт кешеніне барған Ертай Кенжебекұлы жоба құны 595,8 млн теңгені құрайтынын және құрылыстың өткен жылы басталғанын атап өтті. Заманауи кешеннің ішінде күрес және бокс залдары орналасады, ал сыртында шағын футбол алаңы салынады. Мұнда бокс пен күрес бойынша оқу-жаттығу жиындары өтпек.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары қыркүйек айында аяқталуы жоспарланған ескек есу каналының құрылыс алаңына барып, мердігерлерге сапаны қатаң сақтап, жұмысты уақытылы бітіруді тапсырды. Жауаптыларға нысандарды пайдалануға беру мерзімін созбау және техникалық талаптарды толық орындау қажеттігі ескертілді.
