ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ТҮСУДІҢ ЖАҢА ЖОЛЫ АШЫЛДЫ

Мемлекетіміздің жастарға бағытталған саясаты олардың білім алуына, кәсіби дамуына және қоғам өміріне белсенді араласуына кең мүмкіндіктер беріп отыр. Ел Президенті атап өткендей, жастарға әлеуметтік лифт ретінде мансапқа өрлеудің тиімді жүйесі қажет. Бұл қағида бүгінде мемлекеттік қызмет саласында нақты жүзеге асып келеді.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, жоғары оқу орнын мемлекеттік грант есебінен үздік тәмамдаған түлектерге (GPA 3.33-тен жоғары) ерекше құқық берілді. Яғни, олар оқу бітірген соң бір жылдың ішінде аудандық немесе ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Бұл – жас мамандар үшін үлкен жеңілдік әрі алғашқы тәжірибесін мемлекеттік қызметте бастауға берілген нақты мүмкіндік.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда республика бойынша 530-дан астам түлек осы артықшылықты пайдаланып үлгерген. Оның ішінде 47 жас маман Түркістан облысында мемлекеттік қызметке орналасты. Олар аудандық, ауылдық әкімдіктердің төменгі буын лауазымдары мен аумақтық департаменттердің бөлімшелерінде еңбек етуде.

Бұл бастаманың бірнеше қыры бар. Біріншіден, ол білімді жастарды мемлекеттік секторға тартуға ықпал етеді. Екіншіден, түлектердің туған өңірлеріне оралып, ауыл-аймақтардағы кадр тапшылығын толықтыруына жол ашады. Үшіншіден, мемлекеттік қызметке кіру рәсімін жеңілдету арқылы жас мамандардың әлеуетін дер кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы, жастарға жол ашу – мемлекеттің дамуына салынған инвестиция. Өйткені, жаңа көзқарасы бар, инновациялық ойлайтын жас кадрлар мемлекеттік басқару жүйесіне серпін береді. Қазіргі уақытта бұл тәжірибенің тиімділігі байқала бастады: жас мамандар аудандық деңгейде жұмыс істей жүріп, қоғамның нақты проблемаларымен бетпе-бет келіп, оларды шешу тәжірибесін жинақтауда.

Сондықтан, үздік нәтижемен жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектерді мемлекеттік қызметтегі жаңа мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырамыз. Білімі мен білігіне сенген әрбір жас үшін мемлекеттік қызмет – елге пайда тигізудің әрі кәсіби өсудің ең дұрыс жолдарының бірі.

Суртеков Дархан Әшірханұлы
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаменті
басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте Руслан Берденовке қастандық ісі бойынша сот басталды

Сарыағаштық мектеп директоры Әсел Арапова «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды

berdaly_oraz

Қазақстанда жаз мезгілінде ауа райы қандай болады?