АРЫСТА «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» ФОРУМЫ АЯСЫНДА КІШІ ФУТБОЛДАН АШЫҚ ҚАЛА БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ

Арыс қаласында жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру мақсатында кіші футболдан ашық қала біріншілігі ұйымдастырылды.

Спорттық дода «Заң мен тәртіп» айлығы аясында өткен «Есірткісіз болашақ» нашақорлыққа қарсы форумы шеңберінде өткізілді. Жарысқа 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер қатысып, футбол алаңында өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатында Арыс аудандық прокуратурасының прокуроры Қуаныш Анарбай жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай спорттық шаралардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортқа қызығушылығын арттыру және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.

Біріншілікке Арыс қаласы мен көршілес аудандардан жалпы 8 команда қатысып, бақ сынады. Жас футболшылар ойын барысында өздерінің физикалық дайындығын, алаңдағы шеберлігін, жылдамдығы мен тактикалық қабілеттерін көрсетті. Әр команда жеңіске деген жігерін танытып, ұйымшылдық пен командалық рухтың үлгісін көрсетті.

Тартысты өткен кездесулердің нәтижесінде үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командаларға арнайы кубоктар мен медальдар табысталды.

Айта кетейік, спорттық жарыстарды ұйымдастыру – жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулудың тиімді жолдарының бірі. Әсіресе, футбол секілді командалық ойындар жастардың дене шынықтыруымен қатар, жауапкершілік, тәртіп, өзара сыйластық және бірлік қасиеттерін қалыптастырады.

Осындай шаралар арқылы жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды нашақорлық, құқық бұзушылық және өзге де зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейді. Өйткені есірткісіз қоғам қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет, ал салауатты ұрпақ – ел болашағының берік кепілі.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТТЫҢ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ: ЖАС ТАЛАНТТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЗІЛТЕМІРШІЛЕР ҚР ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Redaktor Arysinfo

Қазақ қыздары шаршы алаңда жарқырады: Назым мен Алуа жартылай финалға жол ашты

Redaktor Arysinfo