Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Тұрғындармен тікелей байланыс орнату, елді мекендердегі өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылған қабылдауда бірқатар маңызды мәселе көтерілді.
Атап айтқанда, азаматтар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, автомобиль жолдарын жөндеу, ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру және жер телімдерін бөлу жөніндегі өтініштерін жеткізді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту, спорт нысандарын салу және тұрғын үй мәселелері де назардан тыс қалмады.
Қабылдау барысында облыс әкімі әрбір тұрғынның өтінішін жеке тыңдап, көтерілген мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларының түсініктемелерін тыңдады. Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне өтініштерді жан-жақты зерделеп, олардың шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ тұрғындардың талап-тілектерін қолданыстағы заңнама аясында қарап, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізу қажеттігін ескертті. Бірқатар мәселе қабылдау барысында сол жерде шешімін тапты.
Айта кетейік, облыс әкімінің тұрғындармен жеке кездесуі өңірдегі өзекті мәселелерді жергілікті жерлерде анықтап, халықтың талап-тілегін тікелей тыңдауға мүмкіндік береді. Мұндай қабылдаулар азаматтардың өтініштерін назарға алып қана қоймай, жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруге және мәселелердің шешілу барысын бақылауға бағытталған.
Тұрғындар көтерген әрбір мәселенің орындалу барысын бақылауда ұстау – мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Ал халықпен ашық байланыс орнату елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдерді нақты қажеттіліктерге сай қабылдауға мүмкіндік береді.
