13 қараша – Халықаралық зағиптар күні. Осыған орай Арыс қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында өткен шарада зағип жандар арасында спорттың 4 түрінен ауданарылық жарыс өтті.
Байқауға Арыс қаласынан өзге аудандардан келген 20-ға жуық азамат қатысты.
Шараға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Түркістан облысының Зағиптар қоғамының төрағасы орынбасары Нұрлыхан Әжімұратов, Арыс қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Құдайқұлов қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке ұмтылған зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қоғамдық бірлестіктің ең басты мақсаты – оған мүше адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, зағиптар мен нашар көретін жандарға барынша қолдау көрсету болып табылады. Сіздер қоғамдық ортада өздеріңізді тең ұстау үшін мемлекет тарапына үлкен қолдау жасалуда. Бұл жұмыстар әрқашан жалғасын табатын болады, – деді әкім орынбасары Алмаз Советұлы.
Шара аясында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды спорттың 4 түрінен мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте ІІІ орынды Ордабасы ауданы, ІІ-ші орын Отырар ауданы, ал І орынды Арыс қаласының спортшылары жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.