ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАС СПОРТШЫЛАРЫ ЕЛДІҢ АЛДЫНДА: V ЖАЗҒЫ ОЙЫНДАРДА ТОП ЖАРДЫ!

Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасы ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында Түркістан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орын иеленді.

14-23 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің өңірлерінен жас спортшылар қатысып, футзал, волейбол, баскетбол 3×3, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дзюдо, қазақ күресі, асық ату, бес асық және еркін күрестен бақ сынады.

Түркістан облысының намысын 120 жас спортшы қорғады. Жерлестеріміз бірнеше спорт түрінен жеңіс тұғырынан көрінді. Баскетболдан 3×3 қыздар құрамасы, үстел теннисі, қазақ күресі және еркін күрес бойынша түркістандықтар 1-орын алды.

Сонымен қатар қыздар волейболы – 2-орын, ұлдар баскетболы 3×3 және асық ату – 3-орын, ұлдар волейболы мен дзюдо – 4-орын, тоғызқұмалақ – 5-орын, футзал – 6-орын, бес асық – 7-орын, грек-рим күресі – 10-орын көрсетті.

Жарыс қорытындысында 223 ұпай жинаған Түркістан облысы жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Ақтөбе облысы – 219 ұпаймен екінші, Алматы облысы – 203,5 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.

Бұл нәтиже – ауыл жастары арасындағы спорттық дайындықтың жоғары деңгейін көрсететін маңызды жетістік. Түркістандық жас спортшылар осылайша өңір намысын абыроймен қорғап, жеңіске деген жігерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте 19 жастағы жігітке үкім шықты

Шымкенттегі қоғамдық көліктерге «Автобус» қосымшасы енгізіледі

Түркістан: Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен ашық кездесу өтті