Атырау өңірінде халықтың берекелі бірлігі мен тату тірлігінің арқасында өркениет көшінен қалмай, дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқан ауылдар жетерлік.
Солардың бірі – Бірлік ауылдық округі. AtyrauPress сайтының жазуынша, мұнда төрт түлік өсіріп, төл туғызып жатқан малшы да, балық аулап, оны өңдеп отырған балықшы да, басқасы да бар…
Ауыл тұрғындары негізінен мал және балық шаруашылығымен айналысады. Әсіресе, төрт түліктен табыс тауып отырғандар көп. Олардың қатарында кәсіпкер Бауыржан Ақбанов та бар.
– Шаруашылығым ауылдан тоғыз шақырымдай жерде орналасқан. Осы кәсіппен 1999 жылдан бері айналысып келемін. Барлығы 200-ге тарта жылқы мен 200-ге жуық сиыр, және жүздеген қой бар. Өзім зейнетке шықсам да, кейде атқа, кейде көлікке мініп шаруашылықты қарап тұрамын. Ал, негізінен ондағы жұмысты балам және жұмысшылар жасайды. Жылына екі рет аудандағы ет өнімдерін дайындайтын мекемелерге ет өткізіп тұрамыз. Қажетті мал азығын өзіміз дайындаймыз. Оны саудаға шығармаймыз, өз мақсатымызға пайдаланамыз. Шөпті қайдан аласыз десеңіз, көктемде су келеді, сол жерге шөп шығады. Кейін ол су кері қайтқан мезгілде әлгі шөпті барып шауып аламыз, — дейді малбегі.
Сондай-ақ, ауылда балық шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Каспий теңізі мен осындағы Қиғаш өзені бойынан су маржандарын теру науқаны сәуір айынан басталып, күн салқындаған шаққа дейін жалғасады. Бұл – маусымдық, яғни, уақытша жұмыс болып табылады. Бірақ, бұл да болса үйде қол қусырып қарап отырғаннан жақсы дейді балықшылар.
– Біз тек балықты аулап қана қоймай, оны өңдеп, дайын өнімді ішкі және ТМД нарығына шығарып отырмыз. Мұнда 100 тоннаға шақталған ыдысымыз бар. Шағын цех тәулігіне 30 тоннаға дейін балық қабылдай алады. Мұнда су маржандары сұрыпталып, тоңазытқыштарға жіберіледі. Барлығы төрт мұздатқыш камерамыз бар. Әрқайсысына 10 тонна балық сыяды. Олар балықты бір тәулікте мұздатып шығарады. Сол сияқты, арнайы цехта тұздалған балық кептіріліп, дайын өнімге айналады. Болашақта арнайы балық бөлшектеу цехын салғымыз келеді. Әзірге бұл жоспар ғана. Науқан кезінде мұнда жүз адамға дейін еңбек етеді. Олар ауысыммен жұмыс жасайды. Бірқатары көршілес Жамбыл ауылынан келіп жатады. Балықшылардың жұмысы аяқталған кезде біздің де жұмыс тоқтайды. Сөйтіп демалысқа шығамыз.
Жалпы, Қиғаш өзені бойында бес балық шаруашылығы бар. Олар соңғы жылдары өнімді өздері өңдеп, тауар ретінде экспорттауға ден қойған. Мәселен, облыс бойынша жылына 5 мың тоннаға жуық балық өңделіп, экспортталса, бұл – ауланған балықтың тең жартысы. Алайда, жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі төмендеп барады. Соған байланысты балық қоры да азайып кеткені рас. Осы бағытта 2021 жылдан бері Қиғаш өзенінде түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп келеді, — дейді ол.
Ал, балық сұрыптаушы Жанаргүл Ғұбашева маусым сайын осы цехқа жұмысқа келетінін айтады.
«Біздің жұмыс – балықты сұрыптау, оны қатырып клиенттерге өткізу. Қабылдауға келетіні – сазан, көксерке, табан және ұсақ балықтар. Әйгілі Каспий балығына сұраныс қашан да жоғары. Қазірдің өзінде өңделген өнім Украина, Грузия, Әзербайжан және Ресейге экспортталып жатыр. Сонымен қатар, ішкі нарықтың қажетіне орай, Қарағанды, Алматы, Орал және Ақтөбеге жіберіледі» дейді ол.
Бірлік ауылының тағы бір ерекшелігі – бұл жерге көп адам бүлдірген теруге келеді екен. Арнайы алыстан ат терлетіп келетіндер де бар. Сонымен қатар, мұнда басқа жерде көп кездесе бермейтін су жаңғағы өседі. Ол «қызыл кітапқа» енгізілген. Демек, жұлуға тыйым салынады. Егер өткенге көз жүгіртер болсақ, бұрынғы ата-бабаларымыз аштық жылдары осы бүлдірген мен су жаңғағы секілді дала азығын қорек етіп, аман қалған деседі. Ендеше, «өткенді білмей келешек жоқ» дегендей, аракідік тарихтан да тағылым алып тұрған артық етпейді. Соның ішінде, жастардың «құлағына алтын сырға»…
Тарих демекші, құжаттарда округтің негізі 1922 жылы қаланғаны айтылады.
– Округе қарасты екі елдімекен бар. Бірі – Бірлік (бұрынғы Утера), екіншісі – Амангелді (баяғы Богатый). Бұрын бұл жерде көбінесе орыс ұлтының өкілдері тұрды. Кейін көршілес Астрахан облысына көшіп кетті. Олардан тек зейнет жасындағы үлкен кісілер ғана қалды. Қазір көпшілігі – қазақтар. Каспий теңізінің солтүстік батысында орналасқан, балықшылардың құт мекені атанған біздің ауылға Жаратқан ие сұлу, әсем, ғажап табиғатты аямай бере салған. Іргесіндегі мың бұралып ағып жатқан мөлдір сулы, жағасы жасыл желек, балығы тайдай тулаған, ну орманы сыңсыған Қиғаш өзенінің, өзі неге тұрады! Елімізде өте сирек кездесетін, сұлулықтың символы – тұңғиықгүл көрген жанды таң қалдырады. Әсіресе, көктем мезгіліндегі әсем сұлулық, көркем табиғат, жан жадыратар жылылық «Кел, мені тамашала!» деп жар салып тұрғандай!
Ал, осыншама табиғатқа бай өлкенің адамдары ше?! Есімін ел таныған, тау тұлғалы азаматтарымен де сұлу бұл өлке! Сонау 70-ші жылдары өмір сүрген, оқушы кезінде-ақ ғажап дауысымен атақты Ғ.Құрманғалиевті тамсандырып, ақ батасын алған Мәди Жарбасовты бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Егер тірі болғанда қазіргі қазақ ән өнерінің ортасынан ойып тұрып, орын алар еді. Ес білгеннен еңкейген шағына дейін балықшы болып еңбек еткен, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Сатыбалды Распеков аға, кескіндемеші, график-суретші, елімізідң Суретшілер одағының мүшесі Ғалит Хабдоллаев та – осы өлкенің тумасы. Бұлардан басқа да еңбектерімен еленген мемлекеттік деңгейдегі марапат иелері ондап емес-ау, жүздеп саналады.
Бізді ойландыратыны, бүгінгі жас ұрпақ осы есімдерді біледі ме екен? Жауап қайтару қиын. Кезінде әр ауылда бір мұражай болатын. Құрығанда жауынгерлік және еңбек даңқы бөлмелері бар-ды. Бұл мәдени орындар жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде шексіз рөл атқарып еді-ау. «Өткенін білмейтін елдің болашағы бұлыңғыр» екенін ескерейік. Ертеңімізді өшірмейік, ұлыларымызды ұлықтайық! Болашағымыз жарқын да, кемел болсын десек – жас ұрпақ тәрбиесін шындап қолға алайық. Әрбір ауыл орталығында «Тұлғалар галереясын» жасақтасақ қандай ғанибет! – дейді ауыл ақсақалы Нариманбек Шолтырұлы.
