Арыс қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада Ұлттық кітап күніне орай тағылымды шара өтті, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп атап өтіп, жыл сайын 23 сәуірде Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынған болатын. Бұл бастама еліміздің рухани жаңғыруына, жас ұрпақты кітап оқуға баулуға бағытталған маңызды қадам.
Сол ұсыныстың аясында өткен «Жыл мерекесі» және «Өнерде өрнегімен із қалдырған атты іс-шара – кітапқа деген құрметтің, өнер мен мәдениетке деген ізеттің айқын көрінісі. Шараға Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қаламыздың шығармашыл қауым өкілдері, жастар мен оқырман қауым қатысты.
Шара аясында еліміздің өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз, талантты суретші, мүсінші, құрылысшы әрі ұстаз – Исмайыл Әшімұлы Әлімбетовтің өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымды кездесу өтті.
1945 жылы 25 наурызда дүниеге келген Исмайыл Әлімбетов Алматыдағы кино-механиктер курсын және Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, қалалық фильмотека мен кино жүйесінде басшылық қызмет атқарған. Өмірінің әр кезеңінде ол халықтың рухани өсуіне, эстетикалық талғамының дамуына өз өнерімен үлес қосты.
Сәкеңнің еңбегі ел тарапынан жоғары бағаланып, ол «Қазақстан пионері» газеті ұйымдастырған байқаудың бас жүлдесін, «Өнерлі отбасы» байқауының жүлдесін жеңіп алып, облыс әкімінің степендияты атанған. Оның есімі – Арыс халқы үшін мақтаныш, өскелең ұрпақ үшін үлгі.
Ұлттық кітап күні аясында өткен бұл шара жас буынның кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, туған өлкенің тарихи тұлғаларын танытуда үлкен рөл атқарды. Әрбір кітап – тарихтың, ғылымның, өнердің алтын кілті. Осы орайда, Арыс қаласында ұйымдастырылған бұл тағылымды кездесу – өскелең ұрпақтың рухани кемелденуіне бағытталған маңызды бастама болды.