Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қала әкімдігіне қарасты жауапты сала өкілдері, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік мекемелердің мамандары қатысты, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Жиында кәмелетке толмағандарға қатысты маңызды төрт мәселе күн тәртібіне шығарылып, жан-жақты талқыланды.
Бірінші мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу жайы болды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция капитаны Бекжан Үсенбаев баяндама жасап, статистикалық деректер мен профилактикалық шараларды ортаға салды.
Екінші мәселе – кәмелетке толмаған қыз балалар арасындағы ерте жүктілік пен суицид фактілері болды. Аудандық орталық аурухана басшысының орынбасары Гүлжәмила Мақсұтова бұл жағдайлардың туындау себептеріне тоқталып, медициналық және психологиялық тұрғыда жасалатын көмектер туралы айтты. Жиын барысында жастармен тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі баса айтылды.
Үшінші – қиын жағдайдағы отбасыларды оңалту жұмыстары. «Отбасын қолдау орталығы» басшысы Жазира Абылова отбасылардың әлеуметтік проблемаларына тоқталып, кешенді қолдау қажеттігін айтты.
Төртінші мәселе – жазғы мезгілде өзекті болып отырған суға тұншығу оқиғалары мен олардың алдын алу шараларына арналды. Бұл тақырып бойынша Арыс аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дінмұмаммед Әбдімәлік баяндама жасады. Оның айтуынша жыл басынан бері облыс бойынша 33 суға бату дерегі тіркелген, оның ішінде 13-і кәмелет жасына толмағандар. Осы ретте қала басшысы қала мен ауылдық округтерде су жағажайларында кезекшілік ұйымдастыру, балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, ата-аналарға ескерту жүргізу, шомылатын орындарды бақылау сынды шаралады күшейтуді тапсырды.
Жиынның қорытындысымен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға айтылды. Комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлері хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.