Арыс қаласының тазалығын сақтау мақсатында қала аумағы 17 секторға бөлініп, әр секторға мемлекеттік мекемелер жауапты болып бекітілген. Бұл жүйе қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, әр топбасшы өз секторындағы тазалыққа тікелей жауап береді, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Осыған байланысты бүгін қала әкімі Қайсар Маңқараев сектор топбасшыларымен кезекті жиын өткізді. Жиын барысында әр сектор бойынша жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының нәтижелері қаралып, орын алған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға ескерту берілді.
– Қала тазалығы – ортақ міндет. Дегенмен кейбір кәсіпкерлік нысан иелері мен тұрғындардың немқұрайлығы салдарынан тазалық жұмыстарының нәтижесі көрінбей отыр. Белгіленбеген орындарға қоқыс тастаудың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтіп қана қоймай, заң аясында нақты шаралар қабылдау қажет, – деді қала басшысы.
Сонымен қатар, қала аумағындағы ауыз су қақпақтарын (колодец) түгендеуді, қараусыз жүрген төрт түлік мал мәселесін бақылауды күшейтуді, саябақтар мен аллеяларды, қоғамдық орындарды реттеуді, заң бұзушыларды анықтап, олардың іс-әрекеттерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық көрсетуді тапсырды.
Жиын қорытындысында Қайсар Маңқараев барлық сектор топбасшыларына бекітілген аумақтағы тазалық жұмыстарын ширатуды, тиісті шараларды жедел атқаруды жүктеді.
