Арыс маңындағы су құбырларына қасақана зиян келтіру деректері анықталды,-деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Арыс қаласына қарасты елді мекендерде стратегиялық маңызды су құбырларына әдейі зақым келтіру жағдайлары тіркелуде. Белгісіз азаматтар магистральді құбырларды зақымдап, олардың жұмысын тоқтатуға тырысқан. Бұл тек құқық бұзушылық емес, сонымен қатар жүздеген отбасының ауыз сусыз қалуына себеп болатын ауыр қылмыс.
Магистральді су жүйелері – қоғамдық маңызы бар инфрақұрылым нысандары қатарына жатады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай объектілерді қасақана бүлдіру ауыр қылмыс саналады және заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылады.
Аталған жағдай тек құқық қорғау органдарының бақылауында қалмайды, сонымен бірге коммуналдық қызметтердің жұмысына үлкен зиян келтіріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын төмендетеді.
Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары азаматтарды сақтық шараларын күшейтіп, кез келген күмәнді әрекеттер туралы хабар беруге шақырады. Егер сіз су жүйелеріне қатысты заңсыз іс-әрекеттерді байқасаңыз немесе күмәнді жағдайға куә болсаңыз,102 нөміріне қоңырау шалыңыз не болмаса
Жергілікті әкімдікке,коммуналдық қызметтерге ақпарат беріңіз.
Су – халық игілігі! Оны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.