Арыс қалалық Мансап орталығы филиалының және пробация бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша кең көлемде жиын өтті, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Іс-шараға Түркістан облысының прокуратурасы үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының бастығы Нарбек Мықтыбаев, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Нұржан Нұрашов, Арыс қаласы прокурорының орынбасары Темур Әбдірахманов, қалалық пробация бөлімінің қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл округ әкімшіліктерінің жауапты мамандары қатысты.
Күн тәртібінде Түркістан облысы пенитенциярлық жүйесіндегі проблемалардың толық шешілуін қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жол картасының орындалуы бойынша мәселелер қаралды. Оның ішінде аудандық пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік көмектер беру жұмыстары кеңінен талқыланды.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту мәселесі бойынша қалалық мансап орталығына пробация есебінде тұратын азаматтардың әлеуметтік жағдайы нақтыланды. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының және жұмыспен қамту шараларының басқа да түрлерімен таныстыру бойынша жәрмеңкелер өткізілген.
Жиынның қорытындысы бойынша жиынға қатысушы пробация есебінде тұрған әрбір азаматтың мәселесі жеке-жеке қаралып, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру, жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер берілді. Мәселен, әрбір азаматтың әлеуметтік санаты анықталып, жұмысқа орналастыру, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, емханада ем алу, банкрот деп жариялау, лизингпен техника алу мәселелері қаралып, көмектер көрсетілетін болды.