Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында көптен күткен қуаныш болды. Қала орталығынан ең шалғай орналасқан ауылдастардың тұрмысын жеңілдететін табиғи газ жүйесі іске қосылып, салтанатты түрде алғашқы алау жағылды, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, мердігер мекеме өкілдері, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Шаһар басшысы байырқұмдықтарды қуанышты сәтпен құттықтап, бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.
– Байырқұм – Арыс қаласына қарасты ауылдық округтер ішінде табиғи газға бірінші болып қосылып отырған ауыл округі. Бұл – үлкен жетістік. Алдағы уақытта Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендері де кезең-кезеңімен газбен қамтылатын болады. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Жалпы, Байырқұм ауылы — тарихы терең, Сырдария жағалауындағы іргелі елді мекен. Ауылға газ жеткізу жобасы аясында ұзындығы 24,01 шақырымдық газ құбыры тартылды. Жоба бойынша 506 абонент немесе 3,5 мыңнан астап тұрғын табиғи газға қол жеткізіп отыр.
Енді Байырқұм ауылында тұрғындар көмір жағып, күл шығарып әуре болмайды. Таза әрі тиімді отын – табиғи газ әр шаңыраққа жылу мен жайлылық сыйлайды. Бұл – отбасылар үшін тек тұрмысты жеңілдету ғана емес, сонымен қатар уақыт пен қаражатты үнемдеудің де мүмкіндігі.
Салтанатты шара барысында ауылда алғашқылардың бірі болып үйіне газ қосқан Баймахан Арапбайұлын қала әкімі мен сала мамандары арнайы барып құттықтады. Зейнеткер табиғи газдың қосылуын зор қуанышпен қабылдап, бұл ел игілігі үшін жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да бұл игі істердің жалғасын табарына сенім білдіріп, қуаныштарын білдірді.
Алдағы уақытта Байырқұмнан кейін Жиделі, Көкжиде, Аққала елді мекендері де кезең-кезеңімен табиғи газ жүйесіне қосылатын болады.