АРЫСТА БАЛАЛАР ҮЙІ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ІЗГІЛІККЕ ТОЛЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Арыс қаласында 1 маусым – Балаларды қорғау күні мен қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Т.Тәжібаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен өткен тағылымды шара балаларға қуаныш сыйлап, мейірім мен қамқорлықтың жарқын көрінісіне айналды.

«Бақытты балалық шақ» тақырыбында өткен мерекелік кешке Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, департаменттің кадр жұмысы басқармасының басшысы Данияр Тұрғанбаев және Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтады.

Іс-шара барысында тәрбиеленушілер мен шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Киелі Түркістан» би ансамблінің өнері, балалардың патриоттық әндері мен әсерлі музыкалық қойылымдары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік кеш аясында биыл мектеп бітіргелі отырған түлектерге де ерекше құрмет көрсетіліп, оларға ақжарма тілектер айтылды. Қонақтар жас түлектерге үлкен өмір жолында сәттілік тілеп, ел дамуына үлес қосатын азамат боларына сенім білдірді.

Балаларды қорғау күні мен қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында өткен бұл игі шара балалар жүрегіне қуаныш ұялатып, мейірім мен жанашырлықтың айқын үлгісін көрсетті.

Ұқсас жаңалықтар

“Буындырып өлтірген”: Қазығұртта жалғызбасты ананың 6-сынып оқитын баласы қаза тапты

Түркістан облысында «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы басталды

Түркістан: Жетісайда жүзім шаруашылығы жанданып келеді