АРЫСТА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ИДЕЯСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Арыс қаласында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттау бағытында мазмұнды кездесу өтті.

Арыс қалалық Абай атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен тағылымды басқосуға аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» идеясын кеңінен насихаттау, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани-танымдық құндылықтарды дәріптеу.

Жиынды кітапхана басшысы Айжан Әділбекова ашып, кітап оқудың адам өміріндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, кітап – білім мен тәрбиенің қайнар көзі ғана емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын рухани қазына.

Шара барысында тәртіп сақшыларына «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ арнайы әзірленген әдеби көрмеде Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы, «Бес Арыс» пен «Үш бәйтерек» туралы құнды мәліметтер ұсынылды.

Бұдан бөлек, Арыс өңірінен шыққан белгілі тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолы, ел дамуына қосқан үлесі таныстырылды. Бұл қатысушыларға туған өлкенің тарихын тереңірек танып, ұлт зиялыларының өнегелі өмірінен тағылым алуға мүмкіндік берді.

Кездесу соңында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мазмұнды кітаптар сыйға тартылды.

Айта кету керек, кітап оқу – тек жеке адамның дамуына емес, тұтас қоғамның рухани кемелденуіне ықпал ететін маңызды құндылық. Осындай тағылымды шаралар қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген азаматтардың да рухани дүниесін байытып, тарихи сана мен ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста мемлекеттік қызметшілер арасында қалалық спартакиада өтті

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ АЯСЫНДА «VOICE WALL» ИНТЕРАКТИВТІ АЛАҢЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Redaktor Arysinfo

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА 12 ЖАСАР БАЛАҒА «ТҰСАУ КЕСЕР» ЖАСАДЫ

Redaktor Arysinfo