Арыста Көрісу мерекесі кең көлемде аталып өтті,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
14 наурыз – Көрісу күні Арыс қаласында ерекше көңіл-күймен тойланды. Бұл көне дәстүр халқымыздың бір-бірімен амандасып, қыстан аман-есен шыққанын атап өтетін мерекесі саналады. «Жаңа жасыңмен!», «Бір жасқа есеюіңмен!» деген ізгі тілектер айтылып, көрісу рәсімі өткізілді.
Көрісу мерекесі Арыс қаласында «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұйымдастырылды. Шара алдымен В.Комаров атындағы мектептен басталып, оған «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков қатысты. Этно-мәдени орталықтардың
ұлттық киімдерін киіп, өз халқының мәдениеті мен тағамдарын көпшілікке таныстырды. Өнерпаздар ұлттық әндер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шаралар легі М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында жалғасын тапты. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарынан құралған «Наурыз керуені» ұлттық дәстүрлерді насихаттап, қала тұрғындарын бірлік пен татулыққа шақырды. Көшеде жүрген халық бір-бірімен құшақтасып, ізгі тілектерін білдірді.
Керуен кейін Ә.Жангелдин мектебіне ат басын бұрып, ұлттық киім киген мектеп ұжымының ән-жырымен қарсы алынды. Шараға жиналған көпшілік көктемнің алғашқы мерекесінде жылы лебіздерін айтып, дәстүрге сай құттықтауларын жеткізді.
Көрісу мейрамына арналған думанды шаралар №4 бастауыш мектебі, Б.Момышұлы және С.Қожанов мектептерінде де жалғасып, халқымыздың берекелі дастарқаны жайылып, салт-дәстүрлерге сай сый-сияпат көрсетілді.
Бұл ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық мерекенің ел ішінде қайта жаңғыруының жарқын көрінісі. Көрісу мейрамы құтты болсын!