Арыс қаласында 2025 жылдың ІІІ-тоқсанына арналған жоспарға сәйкес құқықтық оқыту отырысы өтті. Жиынға қала әкімі аппаратының бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Отырысты қала әкімінің аппарат басшысы Талғат Анашбеков төрағалық етіп, жүргізіп отырды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Күн тәртібінде үш маңызды мәселе қаралды. Бірінші болып сөз алған Арыс қаласы әкімінің аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Азамат Асилов Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі нормаларын қолдану мәселелеріне тоқталып, қатысушыларға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Екінші мәселе бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы Досымхан Сералиев баяндама жасап, жер дауының туындауына себеп болып отырған негізгі проблемалар жөнінде айтты. Сондай-ақ, бұл түйткілдерді шешу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы филиалына барлық жер учаскелерінің бастапқы координаттары мен абрис сызбаларын сәйкестендіру жұмыстарын электронды базаға енгізу қажеттілігі туралы түсіндірді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – мемлекеттік сатып алуға қатысты болды. Бұл жөнінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары Абай Қамбаров баяндама жасап, 2024 жылғы 1 шілдеде қабылданған №106-VIII «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде біліктілік талаптарының заңсыз немесе артық қойылмауы керектігі атап өтілді.
Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша айтылған пікірлер мен ұсыныстар негізінде қала әкімінің аппаратының заң бөлімі тиісті хаттама жасап, нақты шараларды жүзеге асыру жұмыстарын бастайтын болды.
