Арыста жастармен мотивациялық кездесу өтті: чемпиондар өмірлік тәжірибелерімен бөлісті
Арыс қаласында жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «QADAM» атты мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді.
Кездесудің құрметті қонақтары – V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының «Алыптар сайысы» жеңімпазы Азамат Нұрғалиұлы мен 2021–2025 жылдар аралығындағы Армрестлингтен әлем чемпионы Нұрсұлтан Ғалымжанұлы болды. Олар оқушылар мен студент жастарға спорттағы жетістіктері мен өмір жолдарындағы күрес пен шыдам туралы шынайы әңгімелерін жеткізді.
– Спорт тек денсаулық емес, бұл – тәрбие, төзім, қайрат пен рухани өсу жолы. Ең бастысы – еңбек пен ерік-жігер, – деді чемпиондар.
Спортшылар кездесуде қатысушылардың сұрақтарына ашық жауап беріп, жас ұрпақты жат қылықтардан аулақ болып, уақыттарын пайдалы іске арнауға шақырды. Олар табысқа жетудің басты кілті – тәртіп пен табандылық екенін ерекше атап өтті.
Жиын соңында орталық басшысы Әлішер Нұрланұлы чемпиондарға алғыс білдіріп, қала әкімі Қайсар Маңқараевтің атынан алғыс хат пен сый-сияпаттар табыстады.