Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы және мәдениет саласының майталманы Тұнжыр Ендібаеваның 70 жылдығына орай Қызылқұм ауылдық мәдениет үйінде «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты облыстық келіндер байқауы өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz


Түркістан облысының әр өңірінен 35 жасқа дейінгі 12 келін қатысқан сайыста олар «Сәлем – сөздің анасы», «Өнерліге өріс кең», «Білгенге маржан», «Қолөнерім – өмірім», «Ас адамның арқауы» аталымдары бойынша өз өнерлері мен қабілеттерін көрсетті.

Қуанышты жаңалық – Арыс қаласының намысын қорғаған Наби Береке байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды. Ол шеберлігімен, ізеттілігімен, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтаудағы білім-білігімен өзгелерден оқ бойы озық шықты. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Айта кетейік, жүлдегер Нәби Береке Арыс қалалық мәдениет үйіне қарасты Жиделі ауылдық клубының қызметкері. Бұл ретте ауылдық клуб меңгерушісі Гүлзипа Мырзаеваның еңбегі зор. Айтуынша аталмыш байқауға тыңғылықты дайындалып, нағыз қазақ келінінің образын үлгі ретінде алып бардық дейді.


Арыс қаласының атын асқақтатып, мерейін үстем еткен Береке Набиді осы жарқын жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!
