«Армия ана көзімен» айлығы аясында «Аналардың жүрегі «сарбаздар аналары комитеті»» РҚБ өкілі Шарифа Муминова қатардағы жауынгерлер Ғабит, Болат және Анварбековтің ата-аналарымен бірге Шымкент қаласында орналасқан ҚР ҚК ӘҚК 10216 әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімінде болды, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Сапар барысында Шарифа Ахметжанқызы бөлімге шақырылған сарбаздардың жеке құрамымен кездесу өткізіліп, сарбаздармен ашық сұхбат жүргізіп, әскери қызметшілердің қызмет ету жағдайларын, тұрмыс-тіршілігін, моральдық ахуалын сұрастырды.
“Біздің басты міндетіміз – сіздерге қолдау көрсету, туындаған мәселелерді шешуге көмектесу және әскери қызмет уақытын қауіпсіз ету. Біз әр сарбазды өз баламыздай уайымдаймыз. Өйткені, бәріміз де анамыз, әрине, балаларымыздың әскери борышын қалай, қандай жағдайда атқарып жатқаны бізді алаңдатады. Әрбір ана баласына сабырлы болу үшін біз әскери бөлімдермен барынша тығыз қарым-қатынаста болуға тырысамыз”, — деді ол.
Сапар барысында сарбаздардың ата-аналары мен «Аналар жүрегі» комитетінің өкілі әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайымен жеке танысты. Олар сарбаздардың асханасын аралады, азық-түлік өнімдерін сақтау тәртібі мен жарамдылық мерзімін көрді, сонымен қатар медициналық пункттерді аралады, қызметкерлермен әңгімелесіп, медициналық көмекке жүгіну журналындағы жазбаларды қарап шықты.