Шымкентте «Денсаулық бұрышы» акциясы аясында 26-28 мамыр күндері аралығында қалалық емханалардың бейінді мамандары сауда орталықтарында тұрғындарды қабылдап, медициналық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетуде, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Шараның алғашқы күнінде «Камея» клиникасының дәрігерлері «Север» сауда орталығында қабылдау өткізді. Педиатр, неврапотолог, офтальмолог сынды бейінді мамандар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер тұрғындарға тегін кеңес беріп, алдағы уақытта ем-шара қабылдауларына бағыт-бағдар берді.
Игі шара «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы филиалының ұйымдастыруымен өтуде. «Денсаулық бұрышы» акциясы алдағы күндері қаладағы «Орталық» саябақ пен «Арбат» алаңы және «Алаш» базарында жалғасатын болады.
Шара барысында сондай-ақ Қор филиалының мамандары МӘМС жүйесі туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Сала мамандары атап өткеніндей, МӘМС жүйесіндегі басты мақсат — баршаға ортақ тең мүмкіндіктерді қалыптастырып, халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, МӘМС шеңберіндегі барлық медициналық көмек түрлерін алуға құқылы. Атап айтар болсақ, аурулардың алдын алу, яғни профилактикалық және скринингтік тексерулер; бейінді мамандардың кеңесі мен диагностикалық зерттеулер, жоғары технологиялық медициналық көмек, жоспарлы тәртіппен күндізгі, тәулік бойы және үйдегі стационар жағдайында ем қабылдау, медициналық оңалту, донорлық және ағзаны трансплантациялау; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды медициналық көмек түрлері тегін көрсетіледі.