Қазіргі қоғамның дамуы тек экономикалық немесе технологиялық жетістіктермен ғана өлшенбейді. Қоғамның нағыз жетістігі — әрбір азаматының, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар жандардың да еркін өмір сүруіне, дамуына және қоғамға толыққанды араласуына жасаған жағдайымен бағаланады. Осы тұрғыда Түркістан облысында ерекше балаларға арналған инфрақұрылым мен әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Инклюзивті қоғам — бәріне тең мүмкіндік
Елімізде соңғы жылдары инклюзивті бағыттағы білім беру, медициналық және әлеуметтік қызметтер ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл үрдіс ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғамға тез бейімделуі, әлеуметтенуі мен өзін толыққанды тұлға ретінде сезінуі үшін өте маңызды.
Мемлекетпен қатар, осы бағытта ірі отандық компаниялар, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер және меценаттар да атсалысып келеді. Мәселен, ауылдық жерлердегі балаларға тегін оңалту орталықтарына жолдама беру, арнайы білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, логопед, дефектолог, психолог қызметтерін қолжетімді ету секілді бастамалар көбейіп келеді.
Инватакси – тең мүмкіндіктің кепілі
Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін ең маңызды мәселелердің бірі — жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасау. Себебі арнайы білім беру, ем алу, оңалту шараларына қатысу үшін оларда ең алдымен қауіпсіз әрі ыңғайлы көлік қажет.
Осы мақсатта Қазақстанда инватакси қызметі енгізілді. Инватакси – бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, арнайы жабдықталған көлік түрі. Бұл қызмет оларды:
- медициналық мекемелерге,
- оңалту орталықтарына,
- білім беру ұйымдарына,
- әлеуметтік және қоғамдық нысандарға қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде инватакси қызметі еліміздің барлық ірі қалаларында жолға қойылып отыр. Түркістан облысында да бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Алайда қалалық жерлер мен аудан орталықтарында ғана емес, шалғай елді мекендерде де мұндай көліктерге қажеттілік артып отыр.
Шалғайдағы ауыл балалары — назардан тыс қалмауы тиіс
Қазір Қазақстанда ресми дерек бойынша халықтың шамамен 10%-ы — мүгедектігі бар азаматтар. Бұл – шамамен 2 миллионға жуық адам. Олардың ішінде айтарлықтай бөлігі балалар. Осы балалардың басым көпшілігі ауылдық, алыс елді мекендерде тұрады. Ал арнайы медициналық немесе әлеуметтік көмек облыс орталықтарында шоғырланған.
Нәтижесінде шалғай ауылдағы ерекше баланы оңалту орталығына апару — ата-ана үшін үлкен қиындық. Бұл жерде инватакси қызметінің рөлі орасан зор. Ата-ананың мүмкіндігі, табысы немесе көлікке қолжетімділігіне қарамастан, мемлекет тарапынан мұндай қызмет тегін және тұрақты түрде көрсетілуі тиіс.
Қызметті қалай алуға болады?
Инватакси қызметін алу үшін арнайы өтініш беру қажет. Қызмет көрсетудің заңдық негіздері Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірнеше қаулысымен реттелген:
- №754 қаулы (20 шілде 2005 жыл) – оңалту-сауықтырудың кейбір мәселелері және бөлмеішілік/серуендеуге арналған кресло-арбалармен қамтамасыз ету жөнінде;
- №750 қаулы (20 шілде 2005 жыл) – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережелерін бекіту туралы.
Осы құжаттарға сәйкес, инватакси қызметіне жүгіну үшін келесі шарттар ескеріледі:
- Медициналық көрсетілімдер (мүгедектігі анықталған);
- Жеке оңалту бағдарламасы (ЖОБ);
- Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы;
- Көлікпен жүруге жеке өзі мүмкіндігі жоқ азаматтарға — жеке көмекші арқылы сүйемелдеу.
Өтініштер жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне тапсырылады.
Қоғамдық көзқарас өзгеруі керек
Жалпы, ерекше балаларға арналған қызмет тек мемлекет пен медициналық құрылымдар тарапынан көрсетілетін көмекпен шектелмеуі тиіс. Қоғамда бұл балаларға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі қажет. Оларды мүсіркеу немесе шеттету емес, қолдау мен түсіністік таныту – өркениетті елдің белгісі.
Балалар қоғамға бейімделуі үшін ең алдымен орта бейімделуі керек:
- мектептер мен балабақшаларда пандустар мен лифтілер орнатылуы,
- қоғамдық көліктер арнайы құрылғылармен жабдықталуы,
- емханалар мен ХҚКО ғимараттары — инклюзивті орта талаптарына сай болуы тиіс.
Тек осы кезде ғана біз «ешкім артта қалмайтын» қоғам қалыптастырамыз.
Ерекше қажеттілігі бар балалар – қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың әлеуетін ашу, білім алуына, даму жолына кедергі келтірмеу – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың азаматтық парызы. Инватакси, оңалту орталықтары, инклюзивті білім беру — бұл бастамалар шынайы қамқорлықтың көрінісі. Ең бастысы – бұл балалардың өмірге құштарлығын оятып, өздерін қоғамнан шет емес екенін сезіндіру.
Бейімделу – бір жақты емес, қос тараптық үдеріс. Балалар бейімделсін десек, алдымен біз бейімделуіміз керек. Сонда ғана Қазақстан – баршаға тең мүмкіндік беретін әділетті қоғам бола алады.
Автор: Бердалы Ораз
