Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал жазушы және драматург Дулат Исабеков 82 жасында өмірден озды. Бұл қазақ руханияты үшін орны толмас қаза. Жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын.Бұны Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. Оның шығармалары шынайы өмір көріністері мен адам жанының терең иірімдерін бейнелеуімен ерекшеленеді. Көптеген әңгімелері мен повестері оқырман жүрегіне жол тауып, әдебиет сүйер қауымның жоғары бағасын алды.
1942 жылы Түркістан облысында дүниеге келген Дулат Исабеков өзінің әдеби жолын 1960-жылдары бастады. Оның «Гауһартас», «Дермене», «Қарғын», «Сүйекші» сынды туындылары қазақ прозасының биік үлгілері саналады.
Драматургия саласында да үлкен жетістікке жеткен қаламгердің «Әпке», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Мұрагерлер» пьесалары театр сахналарында үздіксіз қойылып келеді. Оның шығармалары тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік оқырмандар мен театр сыншылары тарапынан да жоғары бағасын алды.
Дулат Исабеков шығармашылығы қазақ әдебиетінің бай қазынасына айналды. Оның кейіпкерлері – шынайы өмірдің айнасы, ал туындылары – ұлт болмысын танытатын асыл мұра.
Қаламгердің қазасы – ұлт мәдениеті үшін ауыр қайғы. Оның есімі қазақ әдебиетінің тарихында мәңгі сақталады.