Қазақстанда тәуелсіз медициналық сарапшылар институты енгізілді

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) сырттай проактивті жолдауды жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшылар институты іске қосылды. Бұл жаңашылдық туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жаңа жүйе денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, МӘС қызметіне кадрлық қолдау көрсетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және мүгедектікті белгілеу процесінің сапасын арттыруға бағытталған.

Бұл институтты тиімді енгізу үшін 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында пилоттық жоба іске қосылды. Оның аясында 18 дәрігер тәуелсіз сарапшы ретінде қатысып, 7 532 МӘС актісін қарады. Пилоттық кезеңнің нәтижелері бойынша тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді.

Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті тәуелсіз сарапшылардың тізіліміне үміткерлердің құжаттарын қабылдауда. Өтініштер Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы онлайн түрде беріледі. Бұл процесс барысында үміткерлер өздерінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді.

Жаңа институт медициналық-әлеуметтік сараптаманың ашықтығын арттырып, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.

 

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында жол жөндеу жұмыстары басталды

berdaly_oraz

Көліктен басын шығарғандар қанша айыппұл арқалайды?

Альфия Адамбек

Облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы байқалды

Пікір жазу