ҚХА-ның 30 жылдығына орай «Түркістан – бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті

Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Түркістан – бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Фотобайқау Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.

Татулықты ту еткен фотобайқауға Түркістан облысымен қатар Алматы қаласынан 20-ға жуық фотограф қатысып, өздерінің жұмысын ұсынды. Түсірген суреттерін байқауға онлайн арқылы жолдағандар да болды.

Шығармашылық байқау барысында қатысушылар объектив арқылы достықты, көпэтносты Қазақстанның бейбіт өмірін, мәдениеттер үндестігін көрсетті.

Салтанатты шараның ашылуында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов қатысушыларға алғысын айтып, шараның маңыздылығына тоқталды.

– «Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Осы тұтастық – біздің ел болып еңсе тіктеуіміздің ең негізгі алтын діңгегі. Бүгінгі фотобайқау барысында Түркістан облысының берекелі тірлігі, мығым бірлігі, өңірімізді мекен еткен этнос өкілдерінің тату-тәтті тіршілігі жан-жақты көрініс тапты. Фотобайқауға белсене қатысқандарыңыз үшін баршаңызға шын жүректен алғысымызды білдіреміз! Ел бірлігін ұлықтаған фототуындыларыңыз, еселі еңбектеріңіз алдағы уақытта жалғасады деген сенімдеміз, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен 1 орынға Самат Мырзалиев лайық деп танылды. Ал 2 орынды Мақсат Шағырбай, 3 орынды Нуриддин Искаков иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ байқауға белсене атсалысқан қатысушыларды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов пен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева арнайы құттықтап, Дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бірлікке үндеген іс-шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АҚЫНЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ӘКІМ

Шымкентте тазалық талаптарын бұзған 1600-ден астам адам жауапқа тартылды

berdaly_oraz

«Мердігер неге қашып жүр?» Арыс ауданы Атамекен ауылындағы жарықтандыру жұмыстарына қатысты мәселе сотқа жетті

berdaly_oraz

Пікір жазу