КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сурет: Арыс қ. Әкімдігі

Арыс аудандық прокуроры Алмас Себжанұлының төрағалығымен интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, өзекті мәселелерді талқылау және алдын алу жұмыстарын жүйелеу бағыттары қаралды.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және жауапты сала мамандары қатысты. Кездесу барысында интернет алаяқтықтың соңғы уақытта жиілеп кеткені, оның қоғамға тигізетін зардабы мен қауіп деңгейі жан-жақты сөз болды.

Құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі таңда интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың ең кең таралған түрлері — онлайн сауда және қызмет көрсету желеуімен алдау, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарландырулар тарату, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректерін иемдену, сондай-ақ бөтен адамның атына онлайн-несие рәсімдеу фактілері. Мұндай қылмыстар көбіне тұрғындардың сақтық шараларын толық сақтамауы салдарынан орын алатыны атап өтілді.

Осыған байланысты жиында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, тұрғындарға дербес деректерді, банк картасының мәліметтерін, SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеу, тексерілмеген сайттар мен сілтемелер арқылы алдын ала төлем жасамау, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу жөнінде тұрақты түрде ескерту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, интернет алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бірлескен іс-шараларды күшейту жөнінде хаттамалық шешім қабылданды.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ПРЕЗИДЕНТ АТЫНАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАТОЙ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo

Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты

Арыс қаласының шаруаларына жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді

berdaly_oraz