Мақтааралда Балаларды қорғау күні кең ауқымда аталып өтті,деп жазады Арысинфо.кз.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Мақтаарал ауданында балалар мен ата-аналарға арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – бала құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз әрі бақытты өмір сүруіне жағдай жасауға қоғам назарын аудару болды.
Іс-шара Мырзакент кентінің орталық алаңында өтіп, оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
«Балалардың бақыты – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі мереке – тек қуаныш емес, сонымен бірге бізге жүктелетін үлкен жауапкершілік. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін бірігіп еңбек етуіміз қажет», – деді Саттаров.
Мерекелік жиында аудан мектептерінен келген дарынды балалар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті. «Ашық аспан астындағы сурет» атты шығармашылық байқауда кішкентай суретшілер жерге түрлі-түсті борлармен бейбіт өмір мен табиғат туралы суреттер салып, өз қиялын көрсетті.
Іс-шара барысында ата-аналар мен ұстаздар балалардың өнеріне тәнті болып, естелік суреттерге түсіп, қуанышқа ортақтасты. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта балаларға арналған мәдени, танымдық және спорттық шаралар тұрақты өтетінін жеткізді.