Мырзашөл өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын стратегиялық маңызы зор «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жоба Жетісай ауданы үшін де маңызды. Жаңа теміржол ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдетіп, диқандардың өнімін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі құрылыс барысымен танысып, шаруалармен кездесті. Кездесуде теміржол құрылысының өңір экономикасына ықпалы ғана емес, шаруалардың күнделікті жұмысына әсер етуі мүмкін мәселелер де талқыланды.
Атап айтқанда, ағын судың өтуі мен көлік қозғалысына қатысты ықтимал қиындықтардың алдын алу мәселесі көтерілді.
Аудан әкімі құрылыс барысында шаруалардың мүддесі ескеріліп, туындаған мәселелердің дер кезінде шешілуі қажеттігін атап өтті. Жауапты мамандарға анықталған кемшіліктерді жою және алдағы уақытта туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының іске қосылуы өңірдің логистикалық мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашпақ. Ең бастысы – Мырзашөл диқандарының өнімін нарыққа жеткізу мүмкіндігі артып, ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін бермек.
