Мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін қолдауды жетілдіру мақсатында Түркістан облысында тиісті шаралар қабылданады, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Оларды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, қолжетімді ортаны қалыптастыру бағытында жұмыстарға басымдық беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы жағдай жасау барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысын Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндады.
Түркістан облысында есепте тұрған мүгедектігі бар азаматтардың саны 98,9 мыңнан асады. Оның ішінде 85%-ы – ересектер. Өткен жылмен салыстырғанда өңірде мүгедектігі бар азаматтардың саны 1 652 адамға көбейген. Биылдан бастап «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы санаторлық-курорттық емдеу шаралары мен міндетті гигиеналық тауарларды алу жөнінде өтініштер проактивті түрде қабылдануда. Яғни, мобильді азаматтар базасында өтініш берушінің абоненттік нөміріне 1414 номерінен смс хабарлама жолданып, автоматты түрде «Әлеуметтік қызметтер порталына» түсетіні көзделген. Нәтижесінде, өтініш берушілер саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өартып, 50 мыңға жеткен.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау – әлеуметтік оңалту іс-шаралары ретінде техникалық қолдау құралдары (протездікортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, арнаулы жүріп-тұру құралдарын мен міндетті гигиеналық құралдарды) және қызмет көрсетумен (ымдау тілі, жеке көмекші қызметі мен санаторийлік-курорттық емдеу қызметін) қамтылады. Өткен жылдың қорытындысымен оңалту бағдарламасы толық орындалып, 66 860 өтініш қанағаттандырылды. Бұл мақсатта бюджеттен 17,1 млрд. теңге қаржы қаралды. 2025 жылы оңалту бағдарламасының орындалуына 14,6 млрд. теңге қаралды. Сонымен қатар міндетті гигиеналық құралдармен қамтуға қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда санаторийлік-курорттық емдеу қызметіне мұқтаж жалпы 34 мыңнан астам азаматтың басым бөлігінен өтініш түскен.
Мәжілісте мүгедектікті белгілеу ісіндегі күмәнданатын мәселелер айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін арнайы талдау жұмыстары жүргізілетін болды. Коррупциялық тәуекелді азайту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жаңа жобалар жүзеге асуда.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және олардың қоғамға тең құқылы мүшелер ретінде араласуын қамтамасыз ету тек мемлекеттің емес, әр азаматтың міндеті. Инклюзия ұғымы осы бағытта өте маңызды рөл атқарады. Бұл ұғымның мәні – барлығына тең мүмкіндік беріп, ешкімді қоғамнан шеттетпейтін орта қалыптастыру. «2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасына» сәйкес, жыл сайын қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделуі тиіс. 2025 жылы 6 мыңнан астам азаматты жұмысқа орналастыру көзделсе, бүгінде1 059 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтитын мекемелер лицензиялаудан өтуде.