Саурандағы серпіліс: индустриялық аймақтар кәсіпкерлікке тың серпін беруде

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданына жұмыс сапары аясында жаңа өндірістік аймақтардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды алаңдар кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндік туғызып отыр.

2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.

– Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция, – деді Нұралхан Көшеров.

Сапар аясында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағына барды. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады.

Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындары – 600-ден асады.

10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жұмыс орындары – 170.

Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Ал «ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелтуде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктілігін арттыруда.

Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.

Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар – аймақтағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашуда. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етуде.

Ұқсас жаңалықтар

Өңір жаңалығы: Жетісайда мақта, сүт кластеріне қатысты жобалар жүзеге асырылмақ

Шымкент кәсіпкерлері азық-түлікті негізсіз қымбаттатқан

admin_arysinfo

Түркістан: Төлебиде заңсыз құрылысқа қарсы күрес күшейді

Пікір жазу