Шымкент қаласында жастарды қолдау және еңбекке тарту мақсатында биыл 7 500 жас азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген. Жыл басынан бері осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 1 763 жас түлек тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді.
Мұндай қолдаудың игілігін көрген жастардың бірі — М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 2024 жылғы түлегі Аяжан Мәдіхан. «Жерге орналастыру және кадастр» мамандығын тәмамдаған жас маман бүгінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ-да І санатты жерге орналастыру инженері болып қызмет атқарып жүр.
— Шымкент қарқынды дамып келе жатқан қала болғандықтан, өз мамандығымның сұранысқа ие болатынына сенімді болдым. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзіме сенімділік пайда болып, қазір таңдаған салам бойынша тәжірибе жинап жатырмын, — дейді Аяжан Нұркенқызы.
Жас мамандардың алғашқы еңбек жолына жол ашу мақсатында қаладағы аудандық мансап орталықтары белсенді жұмыс істеп келеді. Мұнда жастарға кәсіби кеңестер беріліп, «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі ұсынылады.
Мансап орталықтарының мекенжайлары:
Абай ауданы – Арғынбеков 243/3
Еңбекші ауданы – Астана ш/а 106
Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов 201
Қаратау ауданы – Бәйтереков 89
Тұран ауданы – Қазыбек би 50
Бұл бастамалар жастардың еңбекке араласуын жеңілдетіп, олардың кәсіби дамуына зор мүмкіндік беруде.