Биыл Шымкентте өрттен 2 жасөспірім қайтыс болды. Ал, 3 бала терезеден құлап кеткен. Оның екеуі көз жұмды. Бірі 5 жаста болса, екіншісі небәрі 3 жастағы бүлдіршін. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мәлімдеді. Жауаптылар, балаларды қараусыз қалдырмай, сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Өрт – адам өмірі мен мүлкіне үлкен қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың бірі. Сондықтан өрт қауіпсіздігін сақтау – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі жауапкершілік дейді мамандар. Сол себепті балаңызды қараусыз қалдырмағаныңыз абзал. Мәселен, биылдың өзінде ойнап жүрген екі баланың өмірін тілсіз жауа жалмады. Олар, қорада жүріп, кеуірт шаққан. Салдарынан, көк түтінге оранып, сыртқа шыға алмаған.
Нұрболат Педен, Қалалық ТЖД Өрт бақылау басқармасының бастығы: «Өрт оқиғаларына тоқталатын болсам, 2025 жылы 2 бала қайтыс болды өрттен. Жеке тұрғын үйде, балалар қорада жүріп, отпен ойнаған. Арты қайғылы оқиға ұласты. Осыны болдырмау мақсатында тосындай қауіпсіздік шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Жастайынан бастап, балалардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды ойлап отырмыз».
Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алайда, азаматтардың жауапсыздығы мен ережелерді елемеуі қайғылы оқиғалардың алдын алуына сеп болып отыр дейді мамандар. Мәселен, былтыр қала аумағында 2 адам суға кеткен. Оның біреуі 15 жастағы жасөспірім.
Нұржан Нұрханұлы, Қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы: «Ағымдағы жылдың, біз бүлдіршіндеріміздің, жасөспірімдердің судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша, сәуір айынан бастап, бірқатар жұмыстар жүргіздік. Ол дегеніміз қала әкімнің жоспарымен, қаулыға сәйкес барлық құзырлы органдарға өз құзыреті шегінде бірқатар тапсырмалар қойылды. Сол жоспарға сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігі, тиісті органдар жұмыс атқаруда».
Айта кетейік, 2024 жылы белгіленбеген жерде шомылып, қауіпсіздік шараларын ескермеген 47 ата анаға айыппұл салынған. Нәтижесінде, 850 мыңға жуық айыппұл өндірілді. Ал, республика бойынша, 30 дан астам суға кеткен. Оның ішінде балалар бар.