Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушылар С., Х., Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Сотталушыларға ҚК-нің 309-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру, пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық) айып тағылған.
С. және Х. 2024 жылдың тергеумен анықталмаған күні мен 2025 жыл аралығында Шымкент қаласының Сайрам көшесі мен Тәуке хан даңғылындағы сауналарда әкімші ретінде жұмыс жасап жүріп, жезөкше қыздардың мәліметтерін өзара алмасып, жезөкшелік қызмет көрсететін қыздардың қызметін келген адамдарға ұсынып, Х. 2024 жылғы 12 мамырда сыйақы ретінде 5 000 теңге, 2025 жылғы 1 ақпанда 5 000 теңге алған. С. дәл осы тәсілмен 2024 жылғы 12 мамырда жезөкше қыздарды тазалық сақтаушы Ж. арқылы сауна келушісіне ұсынып, екеуі сыйақы ретінде 5 000 теңгесін алған.
Сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар өздеріне жеңіл жаза сұрады.
Жаза тағайындау барысында сотталушылардың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған әрекеттеріне шын өкінуі, Ж.-ның асырауында екі жасөспірім балалары болуы танылды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот, С., Х. және Ж.-ны ҚК-нің 309-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағандары бойынша кінәлі деп танып, С. және Х.-ға 3 жыл 6 айға, Ж.-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді.