Бас ми тамырынан қан кетіп, геморрагиялық инсульт алған 67 жастағы науқас комаға түскен. Өмірі қыл үстінде тұрған пациенттің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер шұғыл әрекет етеді, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Зейнеткерге МӘМС жүйесі есебінен құны шамамен 6 миллион теңгеге жуық күрделі ота жасалды.
Жоғары технологиялы медициналық көмектің арқасында науқас комадан шығып, есін жиған. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ дейді ақ желенділер. Алдағы уақытта медициналық оңалту шараларын қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болады. Пациентке нейрохирургиялық отаны Шымкент қаласындағы «Хадиша» клиникасының білікті дәрігерлер құрамы сәтті жасап шыққан.
“Науқаста бас ми тамырының көптеген аневризмасы анықталды. Мұндай жағдайда дер кезінде ота жасалмаса адам өміріне өте қауіпті. Нейро-инсульттық қызмет бөлімшеміз 3-ші санат бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, нейрохирургиялық көмекке қажетті барлық медициналық құрал-жабдықтар және КТ,МРТ, ангиография мен салалық мамандармен толығымен жасақталған. Күрделі ота түрлері МӘМС және ТМККК бойынша да көрсетілуде”, — дейді «Хадиша» клиникасының нейро-инсульттық қызмет жетекшісі Жасұлан Жиренбаев.