Түркістан облысында мектеп қабырғасында адам сенгісіз жағдай орын алды. Жұмысшы ауылындағы Оразбаева атындағы орта мектептің 6-сыныбында оқитын Ұлағат есімді оқушы тарих сабағы кезінде сыныптасының қолынан қаза тапты. Оқиға ақпан айында болғанымен, көпшілікке енді ғана белгілі болып отыр.
Куәгерлердің айтуынша, оқушылар арасында басталған ойын кенеттен қайғылы жағдайға ұласқан. Ұлағат қалжыңдап сыныптасының телефонын алып, кабинет ішінде жүгіре бастаған. Бірақ артынан қуып жеткен бала оны білегімен мойнынан орай қысып, ұзақ уақыт босатпай қойған. Нәтижесінде, Ұлағат тұншығып, сол жерде жан тапсырған. Ең сорақысы — бұл кезде сыныпта мұғалім болмаған, ал есік сыртынан жабық тұрған.
Марқұмның анасы болған жағдайға әлі сене алар емес. Оның айтуынша, мектеп қызметкерлері баланың тынысы тоқтаған соң ғана әрекет еткен. Медбике мен мектеп әкімшілігі жеткенде тым кеш болған.
Тергеу амалдары үш айға созылды. Салдарынан бес мұғалім жұмыстан қуылып, мектеп директоры қызметінен өз еркімен кеткен. Ал оқушыны буындырған сыныптасы кәмелетке толмағандықтан, қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Қазір жұмыстан шығарылған мұғалімдер еңбек инспекциясына шағымданып, қызметтеріне қайта оралмақ ниетте. Алайда қайтыс болған оқушының анасы олардың мектепке қайта келуіне үзілді-кесілді қарсы.
Бұл оқиға мектептердегі қауіпсіздік пен бақылаудың қаншалықты осал екенін көрсетті. Бір сәттік бейқамдық — бала өміріне балта шапты.