Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында кезекті ауқымды сенбілік өтті. Экологиялық акция өңір аумағында жүйелі түрде жүзеге асырылып, санитарлық тазалық жұмыстары арнайы бекітілген кестеге сай күн сайын жүргізілуде. Әсіресе, әр аптаның сенбі күні жалпыхалықтық тазалық шаралары тұрақты дәстүрге айналған.
Бұл жолғы сенбілік таңғы сағат 10:00-де басталып, аудан көлемінде бір мезетте бірнеше бағытта ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойын, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерін қамтыды. Негізгі мақсат – қоғамдық орындарды ретке келтіріп, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсарту.
Шара барысында бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналып, жол жиектері мен ашық аумақтардағы қоқыстар тазартылды. Сонымен қатар арамшөптер шабылып, арық-атыз жүйелері аршылды. Жасыл желекті көбейту мақсатында көшеттер отырғызылып, қала аумағындағы кесілген бұталар ретке келтірілді. Жиналған қалдықтар арнайы техникамен тиісті полигондарға шығарылды.
Қала ішіндегі негізгі жұмыстарды «Таза қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқарды. Сенбілікке 30 жұмысшы және 2 арнайы техника жұмылдырылып, белгіленген аумақтар толық қамтылды. Коммуналдық қызмет өкілдері тазалық сақтау тек сенбілікпен шектелмейтінін, бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті негізде жалғасатынын атап өтті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын кеңінен насихаттау. Мұндай шаралар елді мекендердің келбетін жақсартып қана қоймай, қоғамның ортақ іске жұмылуына ықпал етеді.
Сарыағаш ауданында тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту басым міндеттердің бірі болып қала бермек.
