Түркістан облысы Арыс қаласы, Сырдария елді мекенінде орналасқан С. Адамбеков атындағы мектеп биыл «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына енген болатын. Осыған сәйкес, аталмыш мектептің биыл 32 кабинеті мен қосымша білім беру бағытары бойынша студиялар толық жабдықталды.
Жуырда жобаның салтанатты таныстырылымы өтті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, «Қазақстан халқына» қоры өкілдері мен жобаны жүзеге асырған ардақты азаматтар мен қала ұстаздары қатысты.
Бұл жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жобаны Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры іске асырды.
Аталған жоба аясында С.Адамбеков мектебінің сыныптарда жиһаздар жаңартылды, эргономикалық орындықтар мен парталар қойылды. Сондай-ақ, физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері нағыз заманауи білім беру сыныптарына айналды. Интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар қойылды.
Бұдан бөлек, STEM зертханасы және робототехника кабинеті тереңдетілген білім алу үшін шағын гидропоника зертханасымен, сынақтарға қажетті 3D принтерлермен, виртуалды шындық кабинеттерімен жабдықталған.
Сабақ арасындағы үзілісті оқушылар тиімді өткізу үшін рекреациялық демалыс аймағына оқушыларға арналған ойындары бар арнайы ойындар, шахмат аймағы, ыңғайлы жиһаздармен толыққан.
Шараға қатысқан ұстаздар мен ардагерлер жобаны жүзеге асырған азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі








