ТМҰ мүше-мемлекеттер орталық сайлау органдарының басшылары “Достық үйінің” жұмысымен танысты

Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы (ОСО КП) туралы Ережеге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Іс-шараға ТМҰ мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және ТМҰ бақылаушы мемлекет – Мажарстанның орталық сайлау органдарының, сондай-ақ 4 беделді халықаралық ұйым – ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі академиясының басшылары, сондай-ақ ТМҰ елдерінің ғалымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Іс-шара барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров ашық деректерге сәйкес, ТМҰ мүше мемлекеттерде 96,5 миллионнан астам сайлаушы бар екенін, соңғы екі жылда осы елдерде түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткенін атап өтті. Сонымен қатар, ол «біз бүгін бүкіл түркі халқының рухани астанасы – Түркістанда жиналып, ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қойып отырмыз. Мұндай диалог алаңын құру сайлау процестерінің сапасы, тиімділігі мен инклюзивтілігін арттыруға ықпал етеді», деді.

Сапар аясында делегация мүшелері «Достық үйінің» жұмыс барысымен танысып, өңірдегі ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелерімен кездесті. Құрметті меймандардың қатарында ТМҰ мүше-мемлекеттер орталық сайлау органдарының басшылары – Әзербайжаннан Мазахир Панахов, Қырғызстаннан Тынчтык Шайназаров, Түркиядан Ахмет Йенер, Өзбекстаннан Зайниддин Низамходжаев, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының (A-WEB) Бас хатшысы Ин-Шик Чжанг, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев болды.

Осы орайда, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева делегация мүшелеріне ғимаратты таныстырып, бейбітшілік пен достық ордасында ел бірлігін нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Келген қонақтар ғимаратты аралап, ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі көпке үлгі екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте сәбиге сирек әрі күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды

Түркістан облысында алғаш рет модульді лагерь қолға алынды

Түркістан облысында полиция 70-тен астам ұрланған малды иелеріне қайтарды

berdaly_oraz

Пікір жазу