Түлкібас ауданын дамыту жолдары талқыланды

Түлкібас ауданын дамыту жолдары талқыланды,-деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың аудан, қала тұрғындарымен кездесулері мен жеке қабылдаулары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облыс басшысы кезекті сапарында Түлкібас ауданына барып, жергілікті тұрғындармен ашық диалог форматында кездесті.

Кездесу барысында Нұралхан Көшеров ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды жария етті. Ол өз сөзінде:

– Ғажап табиғаты мен бай тарихы үйлескен Түлкібас ауданында сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Мемлекет басшысы халықпен ашық диалог орнатуды тапсырған болатын. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – ауданның өзекті мәселелерін бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыру, – деді.

Әкімнің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Түлкібас ауданында 9 елді мекенде 10 жоба іске асқан, 19 көше орташа жөндеуден өткен. Сонымен бірге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өткен жылы 4 жоба қаржыландырылып, биыл тағы 180 жобаға 1,4 млрд теңге қарастырылмақ. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,4 млрд теңгеге артқан.

Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру да назарда – биыл 43 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда тұр. Құрылыс саласында да ілгерілеу бар: Дәубаба елді мекенінде мәдениет үйі салынып, қазан айында пайдалануға беріледі. Ал Қараағашты ауылындағы Дауан орта мектебіне қосымша 150 орындық ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.

Әкім экотуризм бағытын дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінде Түлкібас ауданында 36 туристік нысан жұмыс істейді. Былтыр ауданға 15 500 турист келген. Ал 2030 жылға дейін 14 жаңа туристік жобаны іске асырып, 552 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, әрқайсысының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандағы тың серпін: Қоғамдық қор мен облыс тізе қосты

berdaly_oraz

«Еңбекті қорғау жүйесіндегі түйінді тенденциялар мен негізгі перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Шымкентте аппарат жиыны өтті

berdaly_oraz

Пікір жазу