Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәдениет және спорт салаларын дамыту, өзекті мәселелерді шешу жолдары қаралды. Облыс басшысы, мәдениет пен спорттың елдің рухани және әлеуметтік өміріндегі маңыздылығын атап өтіп, салалардағы жұмыстарды жүйелеп, жандандыруды тапсырды.
«Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, қоғамға әсер ететін салалар. Қазақтың өнері, мәдениеті мен салт-дәстүрін жас ұрпаққа сіңіру маңызды», – деді Нұралхан Көшеров. Сонымен қатар, облыстағы мәдениет және спорт нысандарының қажеттіліктерін анықтау үшін үш жылдық кешенді жоспарды қайта қарауды тапсырды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмасбек Нақыпбековтың есептері тыңдалды.
Жуырда бекітілген үш жылдық жоспар бойынша 2025-2027 жылдар аралығында 30 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілмек. Сонымен қатар, облыс бойынша кәсіби 3 театрда 15 жаңа қойылым қойылады. Қазіргі таңда облыс аумағында дәстүрлі байқаулар мен фестивальдер жаңа форматта өткізілмек, оның ішінде республикалық «Түркістан дауысы», халықаралық «Voice of Turan» фестивалі, «Күй құдіреті» және «Turkistar» балалар шығармашылық фестивалі секілді шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратты жөндеу қажеттілігі анықталды. Бұл мәселе бойынша биыл 14 ғимаратқа жөндеу жүргізіледі, ал 2025 жылы 51 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық сала басшыларына нақты міндеттер қойып, жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.