Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түлкібас, Сайрам мен Төлеби аудандарына іссапармен барды. Мектептердің жөндеу жұмыстарын зерделеп, жазғы сауықтыру лагерлерінің дайындығын пысықтады, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Түлкібаста орналасқан Ә.Науаи атындағы мектебі 1970 жылы салынған. Жобалық қуаты – 300 орын. 2004 жылы тағы 300 орындық оқу ғимараты салынған. Білім ұясына күрделі жөндеу жүргізу үшін қажет қаражат қаралған. Мердігер мекеме – «Шаңырақ» өндірістік кооперативі. Жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі.
Мұнан соң Бейсенбай Дәулетұлы Сайрамдағы білім беру ұяларын аралады. №89 Қайнарбұлақ мектебі жаңғыртудан өтіп жатыр. Салынғанына 13 жыл болған 600 орындық ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «NT-Group» ЖШС. №3 Хамза атындағы мектебі 1973 жылы қолданысқа тапсырылған. 600 орынға арналған нысанға да ағымдағы жөндеу бойынша қаржы қарастырылған. Мердігер мекеме анықталып, «Kemel Story Group» ЖШС міндеттелген. Облыс басшылығы жауапты тұлғалармен кездесу барысында құрылысты сапалы жүргізу, мерзімінде аяқтау және жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Нысандар пайдалануға берілгенге дейін мониторинг шаралары тұрақты жүргізілетінін қатаң ескертті.
Іссапар жазғы демалыс аймақтарында жалғасты. «Болашақ» лагерінде қазіргі таңда 314 бала демалуда. Оқушыларды 3 ауысымға дейін қабылдайды. Ғимараты 1968 бой көтерген. Б.Тәжібаевтің пікірінше, аумағы кең лагерьді жасыл-желекке айналдырып, орын тапшылығын болдырмау үшін қосымша модульді лагерь салу керек. Келесі жылы қолға алуды жүктеді.
Төлебидегі «Алатау» лагері биыл аудандық әлеуметтік қорғау жүйесінен білім басқармасының теңгеріміне өткен болатын. 300 орынды ғимарат ағымдағы жөндеуден өтуде. Жаңа 270 шаршы метрлі бассейн салынды. Лагерь аумағында асхана, акт және спорт залы, жазғы концерт алаңшасы бар. Материалдық-техникалық базасы түгел жаңартылды. Облыс әкімінің орынбасары тазалық шараларын күшейтуді және тездетіп ашуды міндеттеді.