Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті. Жиынды мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров, басқарма басшылары, аудандық және қалалық мәслихат өкілдері, мемлекеттік органдардың жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Маңызды мәселелер талқыланды
Сессияда 13 мәселе қаралды. Атап айтқанда, кеден бекеттерінің жұмысы, мемлекеттік кірістер департаментінің мәселелері, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндамалар тыңдалды. Сондай-ақ, цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы мен бақылау басқармасының есептері қаралды.
Депутаттар өз ұсыныстарын енгізіп, Түркістан облысының басқару схемасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, кадрлық өзгерістерге байланысты облыс әкімдігі жанындағы кейбір комиссиялардың құрамы жаңартылды.
Өңірдің дамуы басты назарда
Сессия соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ойларын бөлісті. Ол экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, су үнемдеу технологияларын енгізу сияқты бағыттардың басымдыққа ие екенін атап өтті.
Президенттің тапсырмасы аясында «Жұмысшы мамандықтар жылы» бойынша арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Өңірдегі колледждер кәсіпорындармен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлауға күш салатын болады.
Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасының Парламентте мақұлдануы да өңір үшін маңызды қадам екені айтылды. Бұл құжат Түркістанды ғана емес, жалпы облыстың дамуына серпін бермек.
Сессия қорытындысында аймақ басшысы депутаттарға бірлескен жұмысы үшін алғыс білдіріп, алдағы міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды.