Түркістан облысында 1000 адамды жұмыспен қамтитын зауыттың құрылысы басталды,-деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Түркістан облысында фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттың құрылысы ресми түрде басталды. «Саутс-Ойл» компаниясының «Созақ фосфат» инвестициялық жобасы аясында жүзеге асатын бұл өндіріс орны өңір экономикасының дамуына серпін бермек. Зауыттың капсуласын салу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.
Өңір экономикасын әртараптандыруға жаңа қадам
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру мен өндірісті дамыту міндетін жүктеді. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл зауыт фосфор қалдығын өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар өндіреді. Осылайша, тыңайтқыш импортына тәуелділікті азайтып, азық-түлік бағасының тұрақтылығына оң әсер етеді. Жобаның мультипликативті әсері облыс экономикасына зор пайда әкеледі. Инфрақұрылымдық қолдау да толық көрсетіледі,» – деді Нұралхан Көшеров.
Зауыттың салынуына «Саутс-Ойл» және Қытайдың «China Tianchen Engineering Corporation LTD» компаниялары серіктес ретінде атсалысуда. Капсула салу рәсіміне екі компанияның басшылары Серікжан Сейтжанов пен Лян Цзюньсян қатысты.
140 миллиард теңгелік инвестиция және 1000 жаңа жұмыс орны
Бұл жоба еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген. Құрылысқа 140 миллиард теңге инвестиция құйылады. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Заманауи технологияларды пайдалана отырып, зауыт жылына:
1 миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын,
600 мың тонна фосфор нитратын өндіреді.
Өнімдер Қазақстан нарығына ғана емес, Үндістан, Қытай және көршілес елдерге экспортталмақ. Жоба толық қуатына 2027 жылы шығады деп күтілуде.
Экологиялық талаптар басты назарда
Зауыт экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай салынады. Фосфор қалдығын терең өңдеу арқылы өндірілетін тыңайтқыштар қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.
Бұл зауыттың ашылуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін бермек.